Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 150 мың тонна шикізатты құрайды. Бұл туралы ҚР үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.Жаңа зауыттағы заманауи жабдықтар өндірісті қалдықсыз деуге болатын деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді: жүгеріні өңдеу тереңдігі 98%-ға жетеді. Алғашқы кезеңде кәсіпорын модификацияланған крахмал, глютен, экстракт, болжыр және басқа да өнім түрлерін шығарады. Толық қуатына шыққан кезде өнім түрлері 28 атауға дейін кеңейтіледі. Олардың қатарында терең өңделген өнімдер — мальтодекстрин, сірне, шәрбаттар және тамақ өнеркәсібі мен сабақтас салаларда сұранысқа ие басқа да өнімдер бар.
Кәсіпорында 500 жұмыс орны ашылды.
«Қазкрахмал» зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін Түркістан облысында жүгері егісінің алқаптары кезең-кезеңімен ұлғайтылып, тамшылатып суару жүйелері енгізілуде.
«Біздің мақсатымыз – астықты тек шикізат ретінде экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамыту. Бүгінде Қазақстанда жалпы қуаты жылына 510 мың тоннаны құрайтын астықты терең өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Жамбыл облысында Fufeng Group кешенінің жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы бірінші кезеңі іске қосылды. Бұдан бөлек, төрт ірі инвестициялық жоба пысықталып, жүзеге асырылуда. Оның екеуі Ақмола облысында, Қостанай облысы мен Астанада бір жобадан. Жаңа өндірістік қуаттар іске қосылғанда, елімізде жылына 5,8 млн тонна астық шикізатын терең өңдеуге мүмкіндік туады. Бұл қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтіп, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға жол ашады», – деді Серік Жұманғарин.Дереккөз: https://eldala.kz/novosti/zerno/25958-zavod-po-glubokoy-pererabotke-kukuruzy-zapustili-v-turkestansk...

